• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Тамыз, 2017

ЭКПО-2017 аясында жас театр режиссерлерінің форум-фестивалі өтеді

318 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен Жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы I Республикалық форум-фестивалі өтеді. Аталған бастама Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен іске аспақ.

Елімізде өтіп жатқан  әлемдік көрме талай өнер иелерінің шығармашылығын шыңдап, өнерін өрістетуге зор ықпалын тигізуде. Көрме аясында өтетін  фестиваль бұл сөзіміздің анық дәлелі бола алады. Себебі, жас режиссерлер – қазақ театрының ертеңі. Ұлттық сахна өнерінің кеңге қанат жайып, тереңге тамыр жіберуі де жас таланттардың ізденісі мен ұмтылысынан бастау алатыны шындық. Аталмыш өнер мерекесінде жас режиссерлердің арнайы шеберлік сағаттарынан өтіп, рухани нәр алып, дүниетанымдарының өзгеріп, өнерде өзгеше жол, бағыт бағдар алуына мол мүмкіндік жасалған.

– Форум-фестиваль жас театр режиссерлерінің шығармашылығына жол ашып, қазақ режиссурасын жаңа есімдермен толықтыруды, сонымен қатар жас және танымал театр режиссерлеріне пікірталастар, лекциялар, шеберлік-сыныптары, семинарлар бағдарламалары арқылы білім және коммуникация алаңын жасап, отандық режиссура өнерінің өрісін кеңейтуге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қазақтың жаңашыл театр режиссері Қайрат Сүгірбековтың есімін есте қалдыру мақсатында  ұйымдастырылып отыр. Шараның басты мақсаты талантты режиссерлер шығармашылығына қоғам мен қалың көпшіліктің назарын аудару – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Форум-фестивальге еліміздегі 20 мен 40 жас аралығындағы жас режиссерлер қатысады. Олардың сапында Елік Нұрсұлтан, Дина Құнанбайқызы, Дәурен Сергазин, Рүстем Жаныаманов, Болат Абдрахманов, Фархад Молдағалиев, Жұлдызбек Жұманбай, Гүлнәз Қамысбаева, Мейрам Хабибуллин, Айдын Салбанов сынды есімі көпке танылып қалған жас режиссерлер де бар. Елорда тұрғындары мен қонақтары алты күн бойы еліміздің әр өңірінен келген танымал театрлардың көрермен ықыласына бөленген таңдаулы қойылымдарын қыркүйектің 2-8 аралығында тамашалай алады.  М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Астана Жастар театры,  Ақтөбе облыстық Алақай театры,  С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық Жастар театры, А. И театры, Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры, Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры, Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры фестивалідің көркін қыздырып өз өнерлерін ұсынатын болады. 

Қиялға қанат бітіріп, арман мен сезім тұңғиығына жетелейтін тың туындылар көбейіп жатса нұр үстіне нұр. Аталған форум-фестиваль – болашақ режиссура саңлақтарының қалыптасуына себепкер болады деген сенімдеміз.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ